Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті тағы бір танымал әулетпен құда болғалы отыр. 21 жастағы Тауман Назарбаев үйленгелі жатыр. Оның қалыңдығы – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұрынғы орынбасары Әділбек Сәрсембаевтың қызы Айдана Сәрсембаева, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ulysmedia.kz болашақ құданың кім екенін анықтап, оның еңбек жолына шолу жасаған.
Әділбек Сәрсембаев 48 жаста. Ол қазіргі Астана аумағында, бұрынғы Целиноградта дүниеге келген. Мамандығы бойынша заңгер, саяси ғылымдар кандидаты.
Сәрсембаев еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған. Ол елорда әкімдігінде жұмыс істеп, 2006 жылы Президент Әкімшілігіне ауысқан. Мұнда бас инспектор қызметін атқарған.
Кейін Петропавл қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып, одан соң Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды.
2010 жылы Сәрсембаев қорғаныс өнеркәсібі саласындағы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына жұмысқа орналасты. Бірнеше жыл ішінде басқарушы директордан басқарма төрағасының орынбасарына дейін көтерілді.
Кейін Астанаға оралып, Табиғи ресурстар басқармасын басқарды. Сондай-ақ төрт жыл бойы «Алматы» ауданының әкімі қызметін атқарды.
2020 жылдың мамырында ол бұрын еңбек еткен «Қазақстан инжиниринг» компаниясына қайта келіп, оның басшысы болып тағайындалды.
Арада бір жыл өткен соң Сәрсембаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне кірісті. Үкімет құрамында 2022 жылдың тамызына дейін жұмыс істеді.
Әділбек Сәрсембаевтың отбасы туралы ашық ақпарат көп емес. Дегенмен «Қазақстан инжинирингтің» бұрынғы құжаттарында оның отбасы туралы кейбір мәліметтер кездеседі.
Құжаттарда Сәрсембаевтың жұбайы ретінде 1980 жылы туған Әлия Иманбаева көрсетілген. Сол кездегі мәлімет бойынша, ерлі-зайыптының үш баласы бар: үлкен ұлы Арнұр, қызы Айдана және кіші ұлы Алдияр.