Алматы – Қорғас тасжолындағы үш адамның өлімі: Бұрынғы полицей 10 жылға сотталды

Бүгін, 11:30 / Ахмет Қанатұлы
Жол апаты. Көрнекі фото: Jose A. Bernat Bacete/Getty Images

Алматы – Қорғас тасжолында үш адамның қаза табуына әкелген жол апатына байланысты бұрынғы полиция қызметкері Абылай Жарылқасынұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот үкіміне сәйкес, 37 жастағы сотталушы қаза тапқандардың туыстарына 29 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Жол апаты 23 маусымда Алматы – Қорғас тасжолының 132-шақырымында болған. Тергеу мәліметі бойынша, Haval көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Audi жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Көлікте болған 14 және 18 жастағы екі бала мен 10 айлық сәби түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Қаза тапқандардың туысы Гүлзана бұған дейін әлеуметтік желіде Haval көлігін полиция қызметкері мас күйінде басқарғанын мәлімдеген. Кейін жүргізушінің қанынан алкоголь анықталғаны хабарланды. Жол апатында Гүлзананың 40 жастағы әпкесі, оның 41 жастағы күйеуі және 19 жастағы қызы қаза тапқан.

19 жастағы бойжеткеннің артында 10 айлық Дильнара есімді қызы қалған.

Марқұмдардың туыстары сот үкімін әділ деп бағалайтынын жеткізді.

Тэгтер:

алматы жол апаты қорғас