Астанада әйел мен екі жасар баланың қазасына қатысты жаңа дерек пайда болды

Бүгін, 16:09 / Альфия Адамбек
Фото: видеодан кадр

Астанада 27 жастағы әйел мен екі жасар баланың қаза болуына қатысты жаңа деректер белгілі болды. Әлеуметтік желіде қайғылы оқиға болған күні әйелдің тұрғын үйге кірген сәті түсірілген бейнежазба тарады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бейнекадрлардан әйелдің таңғы сағат 04:30 шамасында бірнеше сөмкемен көпқабатты үйге кіргенін көруге болады. Алдын ала ақпарат бойынша, ол осы үйдегі жалдамалы пәтерге орналасқан. Арада шамамен алты сағат өткен соң қайғылы жағдай болған.

Куәгерлердің айтуынша, сенбі күні таңертең 27 жастағы әйел көпқабатты үйдің 15-қабатынан құлаған. Сол уақытта төменде болған екі жасар бала оның үстіне түскен. Салдарынан әйел мен бүлдіршін оқиға орнында көз жұмған.

Қайғылы жағдай болған үйдің тұрғыны Кенжекүл оқиға кезінде естіген дауысты және одан кейін болған жағдайды айтып берді.

«Баланы жұбатып отырғанмын. Қызым үй жинап жүрген. Бір уақытта әйел адамның шыңғырған дауысы естілді. “Жас келіншек шығар” деп ойладым. Артынша қызым жүгіріп барып, терезеден қарап, “Авария болды ма?” деп алаңдады», – деді куәгер.

Тұрғындардың сөзінше, оқиғадан кейін әйелді іздеп немесе оның туысы ретінде келген ешкімді көрмеген.

«Оқиғадан кейін де бұл жерге оны іздеп ешкім келгенін байқамадық. Сондықтан әйел жалғыз тұрған болуы мүмкін деп ойладық», – деді куәгерлер.

Дегенмен әйелдің отбасылық жағдайына қатысты бұл болжам әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Тэгтер:

Астана отбасы әйел