Түркістан облысында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған Тілектес Әділ өндірістегі жазатайым оқиғадан қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Stan.kz мәліметінше, спортшы өңірдегі плитка өндіретін зауыттардың бірінде жұмыс істеген.
Марқұмның досының айтуынша, қайғылы жағдай кешкі уақытта болған. Тілектес Әділ биіктікте жұмыс істеп жүрген кезде электр сымына тиіп кетіп, тоқ соққан. Салдарынан ол биіктіктен құлаған.
Дәрігерлер спортшының өмірін сақтап қала алмаған.
Тілектес Әділ спортта да айтарлықтай жетістіктерге жеткен. 2018 жылы Ақтөбеде өткен есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Қазақстан спартакиадасына қатысқан.
Ал 2019 жылы грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанған.
Жақындарының сөзінше, Тілектес зауытта еңбек еткен есту қабілеті бұзылған алғашқы қызметкер болған. Кәсіпорында оған жұмыстың күрделі әрі қауіпті болуы мүмкін екені ескертілгенімен, ол еңбек жолын жалғастырған.
Сонымен қатар спортшы жаттығуын тоқтатпай, алдағы жарыстарға қатысып, жаңа жетістіктерге жетуді жоспарлаған. Тілектес Әділдің артында жұбайы мен екі баласы қалды.