Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты күтпеген жаңалық жария болды

Бүгін, 14:17 / Ахмет Қанатұлы
Данияр Елеусінов. Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің соңғы мәлімдемелеріне қатысты пікір білдіріп, оның менеджері Зие Алиевке көпшілік алдында үндеу жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сатыбалдинова Instagram желісіндегі сторисінде Елеусіновтің жағдайына назар аударып, оған қолдау қажет болуы мүмкін екенін жазған.

"Онымен не болып жатқанын көріп отырсыз ғой. Сіз оның промоутері ретінде Даниярға көмектесе алмайсыз ба?" – деп жазды спортшы.

Сондай-ақ ол Елеусіновке мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін екенін айтып, психологиялық қолдау немесе оңалту мәселесіне назар аударуға шақырды.

Бұған дейін Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы жылдары алкогольге тәуелділікпен күресіп жүргенін өзі мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл қиындық Олимпиададан кейін басталған.

Боксшы мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түскені үшін өзін сынағандарға жауап беріп, мұндай жағдайға тап болған адамдарды мазақ етпеуге және айыптамауға шақырған.

Елеусінов тәуелділікті жеңу кей жағдайда тек ерік-жігерге байланысты болмайтынын айтып, қазіргі кезеңді өміріндегі күрделі сынақтардың бірі ретінде сипаттаған. Ол көпшілікті қиындыққа тап болған адамдарға түсіністікпен қарауға шақырды.

Тэгтер:

бокс Данияр Елеусінов