Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты шыққан сот үкіміне байланысты ойын айтты. Ол сотталған азаматқа тағайындалған жаза мерзімін жеңілдету мәселесін көтеріп, оның отбасы мен балаларына алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еске салайық, Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сонымен қатар оған бес жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сөз сөйлеуге тыйым салынған. Бұдан бөлек, Фариза Сабырәлиеваның пайдасына 5 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылданған.
Гүлзира Айдарбекова Жақсыгеннің жауапкершіліктен босатылуын емес, оған тағайындалған жазаның жеңілдетілгенін қалайтынын айтты.
«Мүмкіндік болса, соншалықты қатыгездік танытпауға да болар ма еді. Ортада бала-шағалары бар шығар. Кісі өлтіріп, қыз зорлап, ұрлық жасаған жоқ. Жеңілдеткені дұрыс-ау. Кімнің басынан не өтпейді, ешқайсыңыздың бала-шағаңыздың басына бермесін», – деп жазды продюсер.
Оның пікірінше, сотталған азаматқа екі жылдан астам жаза берудің орнына бір жыл бас бостандығынан айыру жеткілікті болуы мүмкін. Айдарбекова түрмеде ұзақ отыру адамның мінез-құлқына кері әсер етуі ықтимал екенін де атап өтті.
«Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, 2 жарым жыл емес, 1 жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер болып, бұзылып келуі де мүмкін ғой», – деді ол.
Сонымен бірге продюсер Нұрсұлтан Жақсыгенді жақыннан танымайтынын, сондықтан оның қандай адам екенін білмейтінін атап өтті.
«Әйтеуір ата-анасы бар, бала-шағасы бар, ешкім жыламаса дегенім ғой», – деп түйіндеді Гүлзира Айдарбекова.
Айта кетейік, продюсер бұл пікірін әлеуметтік желідегі Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты жазбалардың бірінің астына қалдырған.