Вице-Президент Ерлан Қарин Қазақстанның ішкі саясатының үш негізгі бағдарын атады

Бүгін, 16:16 / Альфия Адамбек
Фото: Ақорда

Вице-Президент Ерлан Қарин Қазақстанның ішкі саясатындағы негізгі үш басымдықты атады. Оның айтуынша, олар – конституциялық құндылықтар, жаңа қоғамдық этика және болашаққа ұмтылыс, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қариннің сөзінше, бірінші басымдық – конституциялық құндылықтар. Олардың қатарында Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, еңбекқорлық пен прогресс, қоршаған ортаға қамқорлық және жауапты патриотизм бар.

«Салалық органдар Президенттің ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы Жарлығын және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын тыңғылықты іске асыруға баса назар аударуға тиіс», – деді Ерлан Қарин.

Екінші басымдық ретінде ол жаңа қоғамдық этиканы атады. Бұл бағыт қоғамда прогрессивті мінез-құлық нормаларын қалыптастыруды, құндылықтар негізін нығайтуды және тарихи фактілерді бұрмалауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруды көздейді.

Ол «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға, «Таза Қазақстан» жобасын сапалы жүргізуге және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын тиімді іске асыруға назар аудару қажет екенін айтты.

Сонымен қатар ол «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа тәсілдермен дамыту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құрып, ұлттық тазалық стандартын және өңірлердің тазалық рейтингін енгізу ұсынылды.

Үшінші басымдық – болашаққа ұмтылыс. Ерлан Қарин бұл бағытта ғылым мен білімге, инновациялар мен технологияларға, мәдениет пен ағартушылыққа басымдық беріп, адам капиталын дамыту қажет екенін айтты.

Оның айтуынша, бұл бағыт «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт», «Digital Qazaqstan» сияқты стратегиялық бастамаларда көрініс тапқан.

«Негізгі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын күшті мемлекет пен прогрессивті қоғам құру», – деді Ерлан Қарин.

Тэгтер:

болашақ ел қарин ұстаным