Сәтбаев қаласының әкімі болып Кеңгірбай Смағұлов тағайындалды. Қаланың жаңа басшысын 17 қыркүйекте Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен қала активіне таныстырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осылайша, бұған дейін Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған Кеңгірбай Қоңырұлы Смағұлов енді Сәтбаев қаласын басқарады. Тағайындау туралы ақпарат Ұлытау облысы әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған.
Кеңгірбай Смағұлов 1978 жылы дүниеге келген. Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Жезқазған қаласы бойынша Салық комитетінде салық инспекторы болып бастаған. Кейін Жезқазған қаласының экономика, кәсіпкерлік және тұтыну нарығына қатысты құрылымдарында түрлі қызмет атқарды. 2006-2008 жылдары Жезқазған қаласы әкімі аппаратының басшысы болды.
2010-2013 жылдары Жезқазған қаласының кәсіпкерлік бөлімін, 2013-2015 жылдары кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімін басқарған. Ал 2015-2020 жылдары кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметінде еңбек етті. 2020 жылы қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды.
2020-2022 жылдары Nur Otan партиясының Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ал 2022 жылы AMANAT партиясы Жезқазған қалалық филиалының жауапты хатшысы болды.
Кейін Ұлытау облысының мемлекеттік құрылымдарында қызметін жалғастырды. 2022-2023 жылдары облыстың еңбек инспекциясы басқармасын, 2023-2024 жылдары қаржы басқармасын басқарған. 2024 жылдан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы болды.
Бұған дейін Сәтбаев қаласының әкімі қызметін Мұрат Бөрібаев атқарған. 17 қыркүйекте жарияланған мәлімет бойынша ол Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалған.