Қызылорда облысының Арал қаласында қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакеновтің жары Лаура сол түні болған оқиғаның мән-жайын Stan.kz басылымына баяндады. Оның айтуынша, полицей шұғыл шақырту бойынша отбасылық жанжал болған үйге кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
38 жастағы полиция майоры Мырзажан Жакенов 31 тамызда қаза тапқан. Оның денесі күдіктінің үйінен зорлық белгілерімен табылған.
Полиция мәліметіне сәйкес, Мырзажан Жакенов күдіктіні бұған дейін отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ оған қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған.
Марқұмның жары Лаураның айтуынша, 30 тамызда Мырзажан үйінде болған. Сол күні ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 17 жыл толған. Әйелдің сөзінше, жолдасы еңбек демалысына шығуға өтініш бергенімен, тиісті бұйрыққа әлі қол қойылмаған.
"Негізі ол 28 тамызда жұмыста толық күн болып, сол күні еңбек демалысына өтінішін жазып қалдырған. Мен де “енді қашан шығасың?” деп сұрадым. “Әлі бұйрыққа қол қоймай жатыр” деп айтты. Содан сағат сегіздерде кешкі асымызды іштік. Сол күні шаңырақ көтерген күнімізді атап өтіп жатқан едік”, – деді Лаура.
Кейін ерлі-зайыптылар таныстарының үйіне барған. Сол жерде Мырзажанға келесі күні күндізгі нарядқа шығатыны хабарланған.
Алайда түнгі сағат 01:30 шамасында олар үйіне қайтып келе жатқан кезде полицейге шұғыл шақырту түскен. Лаураның айтуынша, бір әйел күйеуінен таяқ жеп жатқанын айтып, Мырзажанға тікелей хабарласқан.
"Сөйтіп телефонын қойды. Кім деп сұрағанымда “кадр ғой” деді. Содан жолдас баласының үйіне бардық, шай ішіп, әңгімелесіп отырдық. “Қой қайтайық, ертең күндізгі нарядқа жазыпты” деді. Күйеуімнің сөзін жолдас баласы да естіді. Сағат түнгі 01:30-да қайтып келе жаттық. Есік алдына келгенде “шұғыл шақырту беріп жатыр, сен үйге кіре бер” деді. “Не шақырту” деп едім, “әйелін күйеуі ұрып жатыр екен, телефоныма хабарлама жіберіпті” деді. Мен де көріп, “102 хабарлассай” деген едім, “мені әлі еңбек демалысына шығармады ғой, әйеліне бірдеңе болып қалар, баруым керек” деп тез асығып кетіп қалды. Бір өкініштісі, 102 тіркетпейді, хабарласқан адамдарға өз нөмірлеріне хабарласуын сұрайды. Бүкіл полицейлер сондай, өз учаскесіндегі адамдарға 102 шықпай, өзімізге тікелей хабарлаңдар деп айтқызады. Ол дұрыс емес қой", – деп түсіндірді марқұмның әйелі Лаура.
Әйелдің сөзінше, күйеуінің телефонында сол түні түскен хабарлама мен шақырту сақталған. Осыған байланысты отбасы Мырзажан Жакеновтің оқиға орнына қызметтік міндетін орындау үшін барғанын алға тартып отыр.
Полицей үйіне қайтып келмеген соң, туыстары мен достары оны іздей бастаған. Кейін отбасы оның қаза тапқаны туралы хабар алған.
Лаура күйеуінің денесі күдіктінің гаражынан табылғанын айтып, оның үстіне шөп үйіліп, жасырылғанын жеткізді.
"Достарына да іздеу салып, қай уақытта тапқанын білмеймін, суық хабарды түстен кейін естідім… Менің жолдасымды күдікті өз гаражында айуандықпен, азаптап өлтіріп, фуфайкаға (қалың қыстық киім) орап, үстіне шөпті үйіп, таппасын деп тығып тастаған. Ақтық сапарында маған және анасына, бауырларына дидарын көрсетпеді. Жан жарымның қолын ұстап қоштаса алмадым, шығарып сала алмадым. Әлі де өлгеніне сенбеймін…" - дейді марқұмның жары Лаура.
Марқұмның жары қылмысқа бір адам ғана қатысқанына күмән келтіретінін де айтты. Ол істің толық зерттеліп, барлық күдіктінің анықталуын талап етіп отыр.
"Күйеуімді бір адам өлтірді деп ойламаймын. Бірнеше қаруды бір уақытта бір адам қолдана алмайды. Тағы да қасында адамдар бар деп ойлаймын. Бұл қылмыскерлер тез табылып, қатаң жазаларын алсын деймін. Қашып жүрген адам өте қауіпті. Басқа азаматтарға зияны тимей тұрғанда, тез тауып, қатаң жазасы берілсін. Мен әділдікті сұраймын. Менің жолдасымның қабірде жаны тыныш жатсын", – деді Лаура.
Мырзажан Жакеновтің туыстары оның сол түні ресми түрде еңбек демалысында болмағанын және қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқанын анықтауды сұрап отыр. Сондай-ақ отбасы істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етеді.