Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы болып қайта тағайындалды

Бүгін, 10:29 / Ахмет Қанатұлы
Әлихан Смайылов. Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындады. Осылайша ол аталған қызметті атқара береді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақорданың ресми хабарламасында Мемлекет басшысының тиісті жарлыққа қол қойғаны айтылған.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы лауазымына тағайындалды", – делінген хабарламада.

Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаны 2024 жылғы сәуірден бері басқарып келеді. Бұған дейін, 2022–2024 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарған.

Әлихан Смайылов кім?

Әлихан Смайылов 1972 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "Қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтында білім алып, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін иеленген.

Еңбек жолында Статистика агенттігін басқарды, сыртқы істер және қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ұлттық холдингінің президенті, Президенттің көмекшісі қызметтерін атқарды.

2018-2019 жылдары Қаржы министрі, 2019-2021 жылдары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі болды. 2022 жылдан 2024 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Үкіметін басқарды.

2024 жылғы 1 сәуірде Президент жарлығымен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы болып тағайындалған еді.

Тэгтер:

Ақорда Әлихан Смайылов