"Қандай орта мемлекет?": Мария Захарова Қазақстан туралы тосын пікір білдірді

Бүгін, 13:04 / Ахмет Қанатұлы

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанның халықаралық саясаттағы орнына қатысты пікір білдірді. Ол Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевпен бірге Екатеринбургте өткен Халықаралық жастар фестивалі аясындағы пікірталасқа қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Іс-шара барысында мемлекеттердің көпполярлы әлемдегі орны, халықаралық қатынастардың өзгеруі және елдің жаһандық аренадағы салмағына әсер ететін факторлар талқыланды. Дәурен Абаев пен Мария Захарова "Көпполярлы әлемдегі көшбасшылық: халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасында елдің позициясын не айқындайды?" атты сессияда сөз сөйледі.

Дәурен Абаев "орта державалардың" рөліне тоқталды

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев әлемдік қауіпсіздік архитектурасы өзгеріп жатқан жағдайда "орта державалардың" халықаралық саясаттағы рөліне назар аударды.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы тұжырымдамалық көзқарасына тоқталып, Қазақстан үшін ішкі тұрақтылық, елдер мен құрлықтар арасындағы байланысты күшейту және халықаралық серіктестердің сеніміне ие болу маңызды екенін айтты.

"Қазақстан әрдайым сөзінде тұратын, адал әрі тең құқылы серіктес болуы керек", – деді Дәурен Абаев.

Мария Захарова өз кезегінде Қазақстанның халықаралық аренадағы орны туралы пікірін білдірді. Ресей СІМ өкілі Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі рөліне тоқталды.

"Әрине, Қазақстан – әлемге және біздің Еуразия құрлығына орасан зор үлес қосқан ең ірі мемлекеттердің бірі", – деді ол Дәурен Абаевқа қарата.

Одан кейін Захарова "орта мемлекет" ұғымына қатысты ойын әзіл араластыра жеткізді.

"Сіздерді орта мемлекет деп атауға тілім бармайды. Қандай орта мемлекет? Сіздер мүлде орта емессіздер! Өте қуатты әрі болашағы зор мемлекетсіздер!" – деді Ресей СІМ өкілі.