Елордада Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық туристік форумы басталды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Қауіпсіз туризм». Іс-шараға Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова, Владимир Сытник. SCAT әуе компаниясының вице-президентi, өңірлік туризм басқармаларының басшылары, туристік қауымдастық өкілдері және сала мамандары қатысты.
Форумның ашылуында Мирас Төлебаев қазіргі таңда туризмнің жекелеген жобалар мен бағыттар шеңберінен шығып, инфрақұрылым, инвестиция, көлік қолжетімділігі, қызмет көрсету сапасы, кадр даярлау және цифрландыруды қамтитын кешенді салаға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанда туризмнің негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді.
«Kazakhstan Travel Forum үш жыл ішінде пікірталас алаңынан мемлекет, бизнес, өңірлер мен туристік қауымдастықтың басын қосатын халықаралық кәсіби форумға дейінгі жолдан өтті. Өткен жылдардағы форумдарға қатысқан әріптестер бұл жолы іс-шараның ауқымы кеңейіп, кірме және ішкі туризмді қамтығанын байқаған болар. Меніңше, бұл Қазақстан туризмінде болып жатқан өзгерістерді де айқын көрсетеді», – деді вице-министр.
Биыл Қазақстан азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеп келе жатқанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жүйе туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты әрі тиімді тетігіне айналды. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының ресми мәліметіне сәйкес, жүйе жұмыс істеген кезеңде 15 212 туристің елге қайтарылуы қамтамасыз етілді. Жүйенің негізгі құралдарының бірі – туркод. Ол туроператор өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда туристің кепілдік беру жүйесі аясында көмек алуына және Қазақстанға қайтарылуына негіз болады.
«Туркод – шығыс туризмінің барлық процестерін байланыстыратын біздің алтын кілтіміз. Оның артында заңды туроператор, расталған маршрут, саяхатшы туралы мәліметтер және нақты қорғау механизмі тұр», – деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей.
Іс-шара барысында Қазақстан туризмінің кейінгі жылдардағы даму көрсеткіштері таныстырылды. 2019-2025 жылдар аралығында ішкі туристер саны 6,6 млн-нан 11 млн адамға, ал келушілер саны 8,5 млн-нан 15,8 млн адамға өсті. Сонымен қатар туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де едәуір артқан.
Елімізде туристік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда еліміздің 10 негізгі өңірінде жеке туризм басқармалары жұмыс істейді. 11 өңірде туристік ақпараттық орталықтар, ал республика бойынша 23 визит-орталық қызмет көрсетеді. Соңғы бір жылда курорттық аумақтарда шамамен 10 жағажай аймағы абаттандырылды.
Kazakhstan Travel Forum 2026 17-19 қыркүйек күндері өтеді. Форум бағдарламасына панельдік пікірталастар, сараптамалық сессиялар, B2B кездесулер, туристік өнімдердің таныстырылымдары және келісімдерге қол қою рәсімдері енгізілген. Биыл форум аясында кепілдік беру жүйесінің 10 жылдығына және туристердің құқықтарын қорғау, бизнестің жауапкершілігі, қаржылық кепілдіктер мен цифрлық шешімдерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.