Түркияда "Сүлеймен сұлтан" сериалының жұлдызды актері ұсталды

Бүгін, 17:03 / Ахмет Қанатұлы
Арас Булут Ийнемли. Фото: Anadolu/Getty Images

Түркияда "Сүлеймен сұлтан" және "Чукур" сериалдары арқылы танылған актер Арас Булут Ийнемли есірткіге қатысты тергеу аясында ұсталды. Ол іс бойынша күдікке ілінген бірнеше адамның қатарында, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бакыркёй прокуратурасы жүргізіп жатқан тергеу аясында актерлер, әншілер, кәсіпкерлер, мекеме иелері мен әлеуметтік желі өкілдерін қоса алғанда 18 адамды ұстау туралы шешім шығарылған.

Түрік БАҚ-тарының мәліметінше, операция барысында Арас Булут Ийнемли де ұсталған. Сондай-ақ қолға түскендер арасында әнші Sefo, актриса Мелис Сезен және басқа да танымал тұлғалар бар.

Тергеу неге байланысты?

Бакыркёй прокуратурасының мәлімдеуінше, тергеу барысында күдіктілердің есірткі және психотроптық заттарды қолдануы, оны пайдалануға жағдай жасауы немесе арнайы орын ұсынуы мүмкін деген күдікті растайтын деректер анықталған.

18 қыркүйекте Стамбұл жандармериясына күдіктілерді ұстау, олардың тұрғылықты жерлерінде тінту жүргізу және биологиялық сараптама алу жөнінде тапсырма берілген.

Тергеу әрекеттерінен кейін күдіктілер жауап алу үшін Бакыркёй прокуратурасына жеткізілуі тиіс.

Арас Булут Ийнемлиге қатысты түпкілікті кінә туралы сот шешімі әзірге шыққан жоқ.

Тэгтер:

кино Арас Булут Ийнемли