«Шапито» дауы «Қайрат» пен «Астананы» шарпыды

Бүгін, 19:04 / Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: Arasha.kz

«Астана» мен «Қайрат» арасындағы матчтан кейін басталған жанжал екі клубтың ресми мәлімдемесіне дейін жетті. Бапкерлер арасындағы сөз қағысуының түп-төркіні бірнеше күн бұрынғы «Ордабасы» – «Астана» кездесуінен басталған, деп Arasha.kz тілшісі, KazFootball.kz және клубтардың ресми мәлімдемелеріне сілтеме жасап хабарлайды. 

Бәрі Қазақстан Премьер-лигасының алдыңғы турында басталды. «Қайрат» «Тобылдан» 1:4 есебімен жеңілсе, «Астана» чемпиондыққа таласып жатқан «Ордабасыға» 0:1 есебімен жол берді. Сол ойында елордалықтардың бас бапкері Григорий Бабаян Марин Томасов пен Иван Башичті алаңға шығармаған. Бұған олардың кезекті сары қағаз алып, «Қайратпен» маңызды матчты өткізіп алу қаупі себеп болғаны айтылды. 

Бұл шешім «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтинге ұнамады. Ол қарсыластың чемпиондық жарыстағы «Ордабасыға» қарсы негізгі футболшыларын сақтап қалуына байланысты ойыннан кейін моральдық тұрғыда пікір білдірді.

Уразбахтин нәтижеге әртүрлі жолмен жетуге болатынын айтып, өзі үшін «ар-ұятпен өмір сүру» маңызды екенін жеткізді. Оның сөздері футбол қауымдастығында Бабаянның шешіміне бағытталған сын ретінде қабылданды. 

Оған қоса «Қайрат» 17 қыркүйектегі «Астанаға» қарсы ойынды бір күнге кейінге шегеруді сұраған. Алматылық клубтың «Тобылмен» матчынан кейін қалпына келуіне төрт күнге де жетпейтін уақыт болған. Алайда «Астана» матч күнін өзгертпеген. 

Осы жағдайдан кейін екі клубтың арасындағы шиеленіс 17 қыркүйектегі кездесуде жалғасты.

«Астана Аренада» өткен матчтың 11-минутында «Қайраттың» футболшысы Әділет Садыбеков алаңнан қуылды. Бастапқыда төреші оған сары қағаз көрсеткенімен, VAR қарағаннан кейін шешім өзгеріп, қызыл қағаз берілді. Үш минуттан соң Рамазан Кәрімов есеп ашты. Кездесу «Астананың» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. 

Матчтан кейін Уразбахтин баспасөз мәслихатына келіп, ойынның өзін талқыламады.

«Көп сөйлемеймін. Бір сөз айтамын да кетемін. Шапито», – деген ол залдан шығып кеткен. 

Уразбахтин нақты нені «шапито» деп атағанын түсіндірмеді. Дегенмен оның сөзі матчтағы төрешілік пен Садыбековтің ерте алаңнан қуылуына байланысты деген болжам айтылды.

Артынша журналистер алдына шыққан Григорий Бабаян бұған әлдеқайда көлемді әрі өткір жауап берді. Ол бұған дейін Уразбахтиннің «Ордабасы» матчынан кейін айтқан сөздерін де еске алды.

Бабаянның сөзінше, ол әріптестерін көпшілік алдында сынамауға тырысады. Алайда Уразбахтиннің алдыңғы мәлімдемесін жеке басқа өту деп қабылдаған.

Ол екі клуб арасындағы бұрынғы қарым-қатынасты да сөз етті. Бабаянның айтуынша, 2024 жылы «Астана» өз стадионын пайдалана алмаған кезеңде Алматыда ойнауға мәжбүр болған, бірақ «Қайраттың» стадионы мен киім ауыстыратын бөлмесін пайдалану мәселесінде қолдау көрмеген.

Сонымен қатар Бабаян 2024 жылы «Астананың» норвегиялық «Браннмен» маңызды еурокубок кездесуінен кейін «Қайратпен» ойынды бір күнге шегеруді сұрағанын, алайда өтініш қабылданбағанын мәлімдеді. Сол матчта «Астана» Алматыда «Қайратты» 1:0 есебімен жеңген. 

Сөз соңында Бабаян қарсыласының «шапито» деген сөзіне де жауап қатты.

«Мүмкін, өзі туралы айтқан шығар. Мүмкін, клоун келген шығар», – деді ол. 

Осыдан кейін дау екі бапкердің жеке сөз қағысуынан клубтар деңгейіне шықты.

18 қыркүйекте «Қайрат» ресми мәлімдеме таратып, Бабаянның 2024 жылға қатысты айтқандарымен келіспейтінін жеткізді. Клуб Премьер-лиганың сол кездегі 19-туры бастапқыда 31 тамызға жоспарланғанын, алайда «Астананың» Конференция лигасындағы ойынына байланысты 1 қыркүйекке ауыстырылғанын мәлімдеді. Бұл шешім 2024 жылғы 21 тамызда ресми жарияланған. 

Сондай-ақ «Қайрат» «Астана» Алматыда ойнаған уақытта өз мамандары Орталық стадионның алаңын дайындап, қызмет көрсетуге қатысқанын айтып, елордалық клубқа мүлдем қолдау көрсетілмеді деген пікірді жоққа шығарды. 

Алайда мұнда бір маңызды нюанс бар. «Қайрат» өз жауабында матчтың 31 тамыздан 1 қыркүйекке ауыстырылғанын алға тартып отыр. Ал Бабаян баспасөз мәслихатында «Браннмен» кездесуден кейін ойынды тағы бір күнге шегеруді сұрадық» деген. Ол нақты қай күннен қай күнге ауыстыруды сұрағанын атамады. Сондықтан екі тарап бір өтініш туралы айтып отыр ма, әлде матчты кейінге шегерудің екі бөлек кезеңін меңзеп отыр ма – әзірге анық емес. 

Оқиға әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Бір тарап Уразбахтиннің әрекетін төрешілікке және чемпиондық бәсекедегі жағдайға наразылық деп қабылдаса, енді бірі екі бапкердің көпшілік алдында «шапито», «клоун» деп сөз қағыстыруын кәсіби футболға сай емес деп сынады.

Пікірлер арасында «Қайраттың» өзі де өзгеріп кеткенін айтып, клубты бұрынғыдай халықтық командадан гөрі бизнес-жобаға айналды деп сынағандар бар. Бұл пікір жаңа емес. Клубтың Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев 2024 жылы берген сұхбатында «Қайратты» бастапқы кезден бизнес-жоба ретінде қарастырғандарын өзі де айтқан. Оның сөзінше, клубтың дамуындағы процестер бизнес-модельмен байланысты болуы керек. 

Дегенмен мұны клубтың спорттық ұстанымына берілген баға емес, жанкүйерлердің көзқарасы ретінде қарастырған жөн. Боранбаев сол сұхбатында мұндай тәсілдің мақсаты клубты дамыту, инфрақұрылым қалыптастыру және қазақстандық футболшыларға мүмкіндік беру екенін де айтқан. 

Ал бұл даудың турнирлік салмағы да жоғары. 27-турдан кейін «Ордабасы» 61 ұпаймен көш бастап тұр. «Қайратта» – 57, «Астанада» – 48 ұпай. Осылайша, алматылық клуб чемпиондық бәсекеде шымкенттік командадан төрт ұпайға қалып қойды.

Тэгтер:

Астана футбол Қайрат Григорий Бабаян Рафаэль Уразбахтин