19 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды. Кей облыстарда жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Сондай-ақ тұман, екпінді жел және жоғары өрт қаупі болжанып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Күндіз оңтүстікте желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Петропавлда түнде және таңертең тұман болады.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстігінде түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Күндіз кей аудандарда жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғып, екпіні 23 м/с-ке дейін жетеді. Екі өңірде де жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының бірқатар ауданында түнде және таңертең тұман болжанған. Қостанай облысының оңтүстігі мен шығысында күндіз жел екпіні 15-20 м/с болады.
Жетісу облысында Алакөл маңында жел күшейіп, оның екпіні кей уақытта 25 м/с-ке дейін жетуі ықтимал. Ақмола облысында да жел күшейіп, кей аумақтарда тұман күтіледі. Астана мен облыстың бірқатар бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Найзағай мен бұршақ күтілетін өңірлер
Ұлытау облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Жезқазғанда таңертең және күндіз аздап жаңбыр жауып, найзағай болады деп күтіледі.
Қызылорда облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында да жаңбыр және найзағай болжанған. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Қызылорда қаласында да жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе мен Атырау облыстарының кей аудандарында тұман түседі. Маңғыстау облысының оңтүстігінде жел күшейіп, жылдамдығы 15-20 м/с болады. Бұл өңірлердің бірқатар аумағында да төтенше өрт қаупі жарияланған.
Павлодар облысының солтүстігінде түнде тұман түсіп, облыстың бірнеше бөлігінде солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.