ШҚО-да 36 жүргізуші көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылды

Бүгін, 11:49 / Ахмет Қанатұлы
Көлік жүргізушісі. Иллюстрациялық фото: pexels.com

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында көлік жүргізу құқығынан бұрын айырылған 56 адамның қайтадан мас күйінде рөлге отырғаны анықталды. Олардың 36-сына қатысты сот үкімі шыққан, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, сот шешімімен 36 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ олар көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған.

Мұндай құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабында жауапкершілік қарастырылған. Бұл норма бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған адамның мас күйінде қайта көлік басқаруына қатысты қолданылады.

ШҚО полиция департаменті бұл талап тек автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, мопед тізгіндеген азаматтарға да қатысты екенін еске салды.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарының санатына енгізіліп, мемлекеттік тіркеуге міндетті болды. Сондықтан мопедті мас күйінде басқарған азаматтар да заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.

Полиция жүргізуші куәлігінен айырылған адамның алкогольдік мас күйінде қайта көлік тізгіндеуі қылмыстық жауапкершілікке және көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылуға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Тэгтер:

ШҚО көлік