Теміртау маңында шошқа тиеген жүк көлігі аударылды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Жол апатына қатысты Қарағанды облысының полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 19 қыркүйек күні шамамен сағат 09:00-де Астана – Қарағанды тасжолының 188-шақырымында, Теміртау маңындағы жолайрық тұсында болған.
Алдын ала дерек бойынша, 39 жастағы жүргізуші тіркемесі бар Scania жүк көлігін басқара алмай қалып, салдарынан көлік аударылған.
"Жүк көлігі Көкшетау – Ташкент бағыты бойынша 193 бас шошқа тасымалдаған", – деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.
Апаттан кейін жануарлар жол жиегіне шығып, дала аумағына тараған. Адамдар арасында зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қосымша қауіптердің алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері анықталуда.