Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында чемпион атанып, ұлттық құраманың қоржынына алғашқы алтын медальді салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
28 жастағы спортшы тасжол велоспортынан жекелей жарыста үздік нәтиже көрсетті. Ол 24,2 шақырымдық қашықтықты 36 минут 23,72 секундта жүріп өтіп, қарсыластарын артта қалдырды.
Екінші орынды Қытай өкілі Хао Чжан иеленді. Ол Сұлтановадан 4,68 секундқа кейін келді. Қола жүлде Оңтүстік Корея спортшысы Шин Джи Ынға бұйырды, оның жеңімпаздан айырмасы 32,42 секунд болды.
Бұл Рината Сұлтанованың Азия ойындарындағы алғашқы чемпиондық атағы. Бұған дейін ол Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола медаль жеңіп алған еді.
Қазақстандық спортшы бұған дейін Азия чемпионатында да екі рет топ жарған.
22 қыркүйекте Рината Сұлтанова тасжол велоспортынан өтетін топтық жарысқа қатысып, Азия ойындарындағы бәсекесін жалғастырады.
Дереккөз: Sportinside.kz