Қырғызстанда 9-сынып оқушысы мектепте болған жанжалдан кейін көз жұмды. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен төрт жасөспірім қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жағдай 18 қыркүйекте Жалал-Абад облысы Чатқал ауданының Құрылыс ауылында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, сабақ кезінде 11-сынып оқушылары 2011 жылы туған тоғызыншы сынып оқушысын соққыға жыққан. Оқиғадан кейін мектепке Жаңы-Базар ауылынан жедел жәрдем шақырылған.
Алайда дәрігерлер жасөспірімді аман алып қала алмады. Ол ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болған.
Төрт жасөспірім қамауға алынды
Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасы оқушының қазасына байланысты Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 130-бабы – "Денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полиция 2009 жылы туған төрт жасөспірімді ұстаған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, сот оларды екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын таңдаған.
Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Бірнеше күндегі екінші қайғылы жағдай
Қырғызстандық БАҚ мәліметінше, 17 қыркүйекте Сузак ауданында да оқушының соққыдан кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Бұл іс бойынша екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған.
Осы оқиғалардан кейін Жалал-Абад облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар күшейтілді.
Тергеу жалғасып жатыр. Оқушы өлімінің нақты мән-жайы мен күдіктілердің жауапкершілік дәрежесін сот анықтайды.