«Кімнен кембіз?»: Журналист қазақтарды кітап оқуға шақырды

Бүгін, 15:05 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Журналист Алмат Әбдіраман Facebook-тегі парақшасында білім, кітап оқу және қоғамның интеллектуалдық дамуы туралы ойын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол қазақ халқының ақыл-ойы мен қабілеті ешкімнен кем емес екенін айтып, мәселе бар мүмкіндікті қалай пайдаланып жүргенімізде екенін жазды.

«Кімнен кембіз?» деп сұрақ қойған журналист білімді үнемі толықтырып отырудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, әлем өзгерген сайын адам да оқып, үйреніп, ізденуі керек.

Алмат Әбдіраман қазіргі заманда ақпарат көп болғанымен, адамдардың кітап оқуға уақыты азайып бара жатқанын атап өтті. Смартфоннан жаңалықтарды бірінен соң бірін қарап, тез ұмытып қалатынымызды жазған ол кітап оқудың адамға берер әсері бөлек екенін айтты.

«Кітап сенен уақытыңды сұрап, сабырыңды сынайды. Бір ойдың соңына дейін баруды талап етеді. Кейде өзіңнің бұрынғы түсінігіңді қайта қарауға мәжбүрлейді», – деп жазды журналист.

Ол кітап оқудың пайдасы білім мен сөздік қорды арттырумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, оқу адамның ойлау жүйесіне, дүниетанымына және ақпаратты саралау қабілетіне де әсер етеді.

Журналист сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «зерделі ұлт» қалыптастыру бастамасына тоқталды. Оның пайымынша, зерделі ұлт дегеніміз – көп ақпарат білетін ғана емес, сұрақ қоя алатын, ойланатын, ізденетін және білімге ұмтылатын қоғам.

Алмат Әбдіраман жазбасында «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып жатқанын да айтты. Ол арнайы сайтқа тіркеліп, 15 кітап оқып, кейін интеллектуалдық сайыста білімін сынап көрмек.

«Жүлдеге қол жеткізейін деген ниетім жоқ. Кітап оқығанымды бәзбіреулерге көрсетіп, мақтангершілік үшін қажет деп те ойламаймын. Өзім үшін оқимын», – деді журналист.

Тэгтер:

білім оқу кітап