Қанат Бозымбаев Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

24 қыркүйек, 2026 / Альфия Адамбек
Фото: видеодан кадр

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тапты. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, үш әскери қызметші құтқарылған. Қазір теңізде әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасымен Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Қайғылы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер де қозғаған.

«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», – деді Қанат Бозымбаев.

Оның сөзінше сөзінше, мемлекет қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаусыз қалдырмайды. Әр отбасыға қомақты материалдық көмек көрсетіліп, қажетті қолдау шаралары қабылданады.

Қанат Бозымбаев тергеу барысы мен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жұмыстарын жеке бақылауында ұстайтынын айтты.

Тэгтер:

маңғыстау ақпарат сарбаз Бозымбаев