Қазақстандық мерген Ислам Сәтпаев Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
28 жастағы спортшы 50 метрден шағын калибрлі винтовкамен үш қалыпта – жатып, тізерлеп және тұрып ату сайысының финалында 348,3 ұпай жинады. Бұл нәтиже оған үшінші орын алуға мүмкіндік берді.
Алтын және күміс жүлделерді Қытай өкілдері иеленді. Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Лю Юкунь 360,5 ұпай жинап, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Ал Чжан Чанхун 360,2 ұпаймен екінші орын алды.
Осы бағдарламада сынға түскен тағы екі қазақстандық спортшы финалға өте алмады. Константин Малиновский іріктеу кезеңін 13-орынмен аяқтаса, Никита Шахторин 20-орынға тұрақтады. Командалық есепте Қазақстан құрамасы бесінші орын алды.
Бұл – Ислам Сәтпаевтың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Ол Ханчжоу-2022 додасында Александра Ле екеуі 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден аралас жұптық сында қола медаль жеңіп алған.
Сәтпаев пен Ле осы бағдарламада Париж-2024 Олимпиадасында да қола жүлдеге қол жеткізген еді.