Маңғыстау облысының Шетпе ауылынан шыққан 20 жастағы Әсет Жаңабай әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне кеткен сарбаздардың қатарында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның соңғы күндері туралы Sputnik.kz тілшісіне әпкесі айтып берді.
Әсет Отан алдындағы борышын өтеп, 3 қазанда ауылына оралуы керек болған. Алайда ол туған күніне бес күн қалғанда қайғылы жағдайға тап болды.
Әпкесінің айтуынша, жас сарбаз оқу-жаттығуға аттанар алдында туыстарымен қоштасып үлгерген.
«Демалысқа бір күнге жіберген екен. Сонда: “Мамаға барайыншы, көріп қайтайыншы” деп сұранған. Сол күні үйге келіп, барлық туысымызбен қоштасып кеткен екен. Жарығымды соңғы көруіміз сол болды», – дейді марқұмның әпкесі.
Әсет теңіздегі оқу-жаттығу туралы оқиғаға дейін төрт-бес күн бұрын айтқан. Жүзуді білмейтінін айтқан туыстары алаңдағанда, ол: «Мен жағасында жүремін ғой», – деп жауап берген.
Әпкесінің сөзінше, Әсет адамдармен тез тіл табысатын, достары көп болған.
«Қыршыннан кетті… Қайтейін, амалым бар ма? Інімнің достары көп болатын. Адамдармен тез тілдесіп кетуші еді. Жасына қарамай, бәрін “досым” дейтін», – дейді ол.