Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметіне алғаш рет 2025 жылғы 8 маусымда тағайындалған. 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен ол осы қызметке қайта тағайындалған еді.
Қосанов 1969 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ол Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін, Юрий Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын және Ресей Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын бітірген. Әскери мансабын жойғыш-ұшқыш ретінде бастап, кейін Талдықорған және Шымкент қалаларындағы авиациялық базаларды басқарған.
2022–2024 жылдары Қосанов Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, 2024–2025 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметтерін атқарды. Оның әскери атағы – авиация генерал-лейтенанты.
Қосановтың қызметтен босатылуы Қорғаныс министрлігіне қатысты бірқатар оқиғадан кейін болып отыр. 26 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылғаны хабарланған.