Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған үшінші сарбаз туралы тың дерек шықты

Бүгін, 11:47 / Альфия Адамбек
Коллаж: ult.kz

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 әскери қызметшінің арасында болған оқиғадан аман қалған үш адамның бірі – Никита Удалов. Оның ағасы әлеуметтік желіде отбасы атынан үндеу жасап, Никитаның қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның сөзінше, Никита қайғылы жағдай кезінде өзі бағдар алып, жағаға дейін жетіп, аман қалған.

«Никита өз өмірін өзі сақтап қалды. Қайғылы жағдай кезінде ол жағдайды тез бағдарлап, жағаға дейін жетіп, аман қалды. Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын, нақты не болғанын білгісі келеді. Алайда әзірге Никита бұл туралы айтуға дайын емес», – деп жазды ағасы.

Ол Никитаның қазір болған жағдай туралы көпшілікке айтып, сұхбат беруге дайын еместігін атап өтті.

«Ол бір күнде ұмыту мүмкін емес жағдайды бастан өткерді. Қазір ол көпшілік алдына шыққысы келмейді, сұхбат беруге де, болған оқиғаның егжей-тегжейін айтуға да дайын емес. Осыны құрметтеулеріңізді өтінеміз», – делінген үндеуде.

Никитаның ағасы әлеуметтік желі қолданушыларынан оның атынан түрлі ақпарат таратпауды және тексерілмеген мәліметтерге сенбеуді сұрады.

«Өтінеміз, оның атынан түрлі оқиға ойлап шығармаңыздар. Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыздар. Оның басынан өткен жағдайды сенсацияға айналдырмаңыздар», – деді ол.

Сондай-ақ отбасы үшін қазір ең маңыздысы – Никитаның өз-өзіне келуі екенін жеткізді.

«Никита – ең алдымен адам. Біздің бауырымыз, біздің жақынымыз. Біз үшін оның аман қалғаны – ең үлкен қуаныш. Қазір ең бастысы – оның есін жиып, өз-өзіне келуі», – деп жазды Никитаның ағасы.

Ол қайғылы оқиғада қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасыларына көңіл айтып, Никитаға қолдау көрсеткен барша адамға алғыс білдірді.

«14 азаматтың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Үйлеріне оралмаған 14 жігіттің барша жақынына қайғыларына ортақпыз», – делінген үндеуде.

Тэгтер:

ақпарат сарбаз әскери