Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған әскери басшының қызы мәлімдеме жасады

Бүгін, 16:12 / Альфия Адамбек
Фото: әлеуметтік желі

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты ұсталған Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің қызы әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, қайғылы жағдайға байланысты кешірім сұрады. Сонымен қатар тергеу аяқталмай тұрып нақты бір адамды кінәлі деп тануға асықпауға шақырды.

Хайрушевтің қызы Threads желісіндегі парақшасында әкесінің қазіргі уақытта қамауда отырғанын жазған.

«Мен мұны ұзақ уақыт жазуға батылым бармады. Бірақ қазір әлеуметтік желі қолданушысы ретінде емес, қызы ретінде жазып отырмын. Мен Ақтаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұсталған әскери қызметшінің қызымын», – деп жазды ол.

Оның сөзінше, ең алдымен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту маңызды.

«Қайғыңызға ортақпын. Сіздердің бастарыңызға түскен жағдай үшін кешірім сұраймын. Ешбір сөз сіздердің қайғыларыңызды жеңілдете алмайды», – деді ол.

Сонымен бірге ол тергеу нәтижесі шықпай тұрып, әкесін оқиғаға толық кінәлі ретінде көрсетпеуді сұрады.

«Әкемді “құрбандыққа” шалмаңыздар. Тергеу аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырамын», – деді ол.

Бұған дейін Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаны хабарланған болатын. Осы оқиғаға байланысты бірқатар әскери лауазымды тұлға ұсталып, тергеу жүріп жатыр.

Тэгтер:

қылмыс сарбаз әке марқұм