Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін екі әскери видеоүндеу жасады

Бүгін, 14:09 / Альфия Адамбек
Фото: видеодан кадр

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшінің суға кетіп, 14-інің қаза болуына байланысты әлеуметтік желіде Айнар Ахметов пен Әли Мағауияға қатысты түрлі ақпарат тараған еді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Осыдан кейін Қорғаныс министрлігі екі матростың видеоүндеуін жариялады.

Әли Мағауияның айтуынша, 24 қыркүйекте ол Каспий теңізіне шықпаған. Ол жағалауда болып, өзіне берілген теңіз жағалауын күзету міндетін орындаған.

«Кемеге мінген жоқпын. Өзіме берілген міндетті орындадым», – деді әскери қызметші.
 

Ол сол күні ата-анасымен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайының жақсы екенін айтқанын жеткізді. 

Айнар Ахметов те 24 қыркүйекте жағалауда болғанын және кемеге отырмағанын мәлімдеді. Ол оқиғадан кейін үйдегілермен байланысып, өзінің аман екенін хабарлаған.

Қорғаныс министрлігі екі матростың теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің құрамында болмағанын түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, оқу-жаттығу кезінде жеке құрамның барлығы бірдей теңізде болмаған. Әскери қызметшілерге жеке оқу міндеттері беріліп, Ахметов пен Мағауия өз тапсырмаларын жағалауда орындаған. Қазір екі сарбаз да әскери бөлімде қызметін жалғастырып жүр. 

Бұл түсініктеме алғашқы ақпараттағы қайшылықтардан кейін берілді. 24 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі бастапқыда Каспийге 19 әскери қызметшіні алып кеткенін хабарлаған. Кейін Үкіметтік комиссия ашық теңізге 17 әскери қызметшінің кеткенін нақтылады. Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде үш сарбаз аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты. 

Тэгтер:

видео сарбаз Каспий теңіз