Қазақстан аумағында бір тәулік ішінде үшінші жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы 4,2 болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 13:53-те болған. Эпицентрі Кеген ауылынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 60 шақырым жерде орналасқан.
Қазақстанның Ұлттық деректер орталығының жедел ақпараты бойынша, жер сілкінісінің ошағы Нарынқол ауылынан солтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жерде тіркелген. Магнитудасы – 4,2.
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқанын хабарлады.
Есептік қарқындылық:
- Нарынқол ауылында – 2-3 балл;
- Кеген ауылында – 2 балл.
Жер сілкінісінен кейін ТЖМ-нің "Қазселденқорғау" мамандары өзен арналары, гидротехникалық нысандар, көшкін және сел қаупі бар аумақтарды тексерген. Сонымен қатар тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына визуалды тексеру жүргізілді.
"Тексеру нәтижесінде ешқандай зақым анықталған жоқ. Қазіргі уақытта аталған нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қирау немесе зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Жағдай тұрақты", – деп хабарлады ТЖМ.
Айта кетейік, бұл Қазақстанда бір тәулік ішінде тіркелген үшінші жер сілкінісі.