«Әке, мен тірі қалды деп той жасамаңыздар»: Каспийдегі қайғылы жағдайдан аман қалған сарбаздың сөзі

Бүгін, 13:08 / Альфия Адамбек
Фото: ЖИ

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған 20 жастағы матрос Бекет Қуандық жағалауға жету үшін шамамен 400-500 метр қашықтықты жүзіп өткен. Оның қалай құтылғанын әкесі Бақытбек Кенжеғұлов айтып берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әкесінің айтуынша, Бекет әскерге осыдан бір жыл бұрын туған күнінде кеткен. Ол дзюдодан спорт шебері, студент әрі болашақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер теңіздің терең бөлігіне түскен. Сол кезде Бекет сабыр сақтап, жағалауға қарай жүзуге шешім қабылдаған.

«Мен өзімді сабырға келтіріп, жағаға қарай жүздім», – деген ол туыстарына.

Бақытбек Кенжеғұловтың сөзінше, ұлы бала кезінен жүзумен айналысып, физикалық дайындығын шыңдаған. Осы дайындығының арқасында ол 400-500 метрге жуық жүзіп, жағалауға жете алған.

Ата-анасы ұлының әскерден аман-есен оралуына орай дастархан жаюды жоспарлап, тіпті дәмханаға алдын ала тапсырыс берген. Алайда Бекет қаза тапқан қаруластарын ойлап, мерекелік жиын өткізуден бас тартқан.

«Әке, қажет емес, салтанатты жиын өткізбеңіздер. Достарымнан айырылғанда мен қалай тойлай аламын?» – деген Бекет әкесіне.

Тэгтер:

әскер сарбаз Каспий теңіз