Дубай – Тель-Авив рейсіндегі төтенше жағдай: Ұшқыштардың жағдайы белгілі болды

Бүгін, 17:08 / Ахмет Қанатұлы
Фото: NurPhoto/Getty Images

Flydubai әуе компаниясының ұшқыштары Сауд Арабиясының Табук әуежайына шұғыл қонғаннан кейін жарақат алған, деп хабарлайды Arasha.kz.

РИА Новости жазуынша, бұған дейін Boeing 737 жолаушылар ұшағы Сауд Арабиясының әуе кеңістігінде бұрылып келе жатқан кезде төтенше жағдай туралы белгі бергені хабарланған. Ұшақ 7500 кодын жіберген. Бұл код әуе кемесін басып алу немесе заңсыз араласу жағдайын білдіреді.

Al-Arabiya телеарнасының хабарлауынша, ұшақ командирі мен екінші ұшқыш жарақат алған.

"Flydubai лайнерінің капитаны мен оның көмекшісі жарақат алды. Олар медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді", – делінген хабарламада.

Бұған дейін Дубай – Тель-Авив бағытындағы рейсте болған оқиғаға қатысты түрлі болжам айтылған.

Flydubai ұшағындағы төтенше жағдай

Оқиғадан кейін Израиль әуе күштерінің жойғыш ұшақтары Flydubai лайнеріне қарай көтерілген. Кейін жолаушылар ұшағы Сауд Арабиясының аумағына қонғаны белгілі болды.

Flydubai әуе компаниясының Израиль телеарналарына берген мәліметінде Дубай – Тель-Авив рейсіндегі ұшқыштар арасында бортта жанжал болғаны айтылған.

Кейін ұшақ ішінен түсірілген алғашқы фото және видеолар тарады. Суреттердің бірінде шабуыл жасаған адаммен арпалысқан болуы мүмкін жолаушы бейнеленген.

Қазір билік ұшқыштардың бірі ұшақты әдейі апатқа ұшыратуға әрекет жасауы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша екінші ұшқыш пен израильдік жолаушылар оған кедергі жасап, ықтимал апаттың алдын алған.

Тэгтер:

Ұшақ Израиль Flydubai