Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду ұлттық команданың Копенгагендегі оқу-жаттығу лагерінен кетіп қалды. Бұл ақпаратты Португалия футбол федерациясы да ресми растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
41 жастағы футболшы шешімін құраманың бас бапкері Жорже Жезуштің баспасөз мәслихатынан кейін жариялаған. Роналдудың айтуынша, ол бұған дейін Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнсамен сөйлескен.
"Бас бапкердің баспасөз мәслихатынан кейін және Португалия футбол федерациясының президентімен сөйлескен соң, ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдадым. Уақыты келгенде Португалия халқына ұлттық құрамадан кетуіме не себеп болғаны туралы шындықты айтамын. Мен бұл командаға әрдайым барымды салдым. Қазір Португалияға және барлық командаластарыма сәттілік тілеймін", – деп жазды Роналду.
Жағдай Роналду мен бас бапкер Жорже Жезуш арасында түсініспеушілік туындағаны туралы ақпарат тараған тұста болды. Футболшы Норвегияға қарсы 2:1 есебімен аяқталған кездесуде алаңға шықпады. Кейін Жезуш Роналдудың қосалқы құрамда қалғанына көңілі толмағанын мойындағанымен, команда ішінде үлкен жанжал болғанын жоққа шығарды.
Бапкер сонымен бірге Данияға қарсы алдағы кездесуде Роналдуды негізгі құрамға шығармайтынын айтқан. Осы мәлімдемеден кейін футболшы құраманың лагерінен кету туралы шешім қабылдаған.
Португалия футбол федерациясы команданың дайындықты қалған 24 футболшымен жалғастыратынын мәлімдеді. Құрама алда Дания және Норвегиямен кездеседі.
Әзірге Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын толық аяқтағанын ресми түрде жариялаған жоқ.