Тоқаев Си Цзиньпинді Қытайдың ұлттық мерекесімен құттықтады

Бүгін, 15:43 / Ахмет Қанатұлы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин. Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге елдің құрылғанына 77 жыл толуына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы бұл күннің Қытай тарихындағы орны ерекше екенін атап өткен.

"Еліңіз өзіндік дәстүрі мен бай мәдениетін сақтап, даму мен экономикалық өрлеудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Әсіресе, Қытайдың ғылыми-технология, инновация мен цифрлық экономика салаларындағы толағай жетістіктері жаһанды таңғалдырды", – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа және тату көршілікке негізделген жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті.

Президент биыл Шанхайда өткен кездесудің екі ел арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға және ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік бергенін жеткізген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Си Цзиньпинге мемлекеттік қызметінде табыс, ал Қытай халқына амандық пен бақ-береке тіледі.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін айтып, екі ел арасындағы саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге негіз болатынын атап өткен еді.

Тэгтер:

Қытай Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаев