Жаңбыр жауып, жел соғады: 2 қазанда Қазақстанда ауа райы қандай болады?

Бүгін, 09:30 / Ахмет Қанатұлы
Жаңбыр тамшылары. Көрнекі сурет: pexels.com

2 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей өңірлерде жаңбыр жауып, жел күшейсе, батыс пен солтүстік-батыста күн едәуір салқындайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Қазгидромет" болжамына сәйкес, 1-3 қазан аралығында елдің көптеген аймағында жауын-шашын күтіледі. Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал.

Батыс Қазақстанда түнгі температура кей жерде -1...-6°C-қа дейін төмендейді. Күндіз +3...+8°C шамасында болады. Солтүстік-батыста күндіз +5...+15°C аралығында сақталады.

Ал елдің солтүстігі, шығысы мен орталығында күндіз +13...+23°C, оңтүстік және оңтүстік-шығысында +20...+25°C болады. Таулы аудандарда ауа температурасы +10...+15°C шамасында.

Астанада жаңбыр жауады

Елордада күн құбылмалы бұлтты болып, кей уақытта жаңбыр жауады.

Түнде +5...+7°C, күндіз +18...+20°C күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 9-14 м/с болады.

Алматыда күн салқындайды

Алматыда жаңбыр негізінен түнде және таңертең жауады.

Түнгі температура +10...+12°C, күндіз +19...+21°C болады. Кей уақытта желдің екпіні 15 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.

Алматы облысының таулы аудандарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі.

Солтүстікте жаңбыр күтіледі

Петропавлда түнде +4...+6°C, күндіз +13...+15°C болады. Күндіз жаңбыр жауады.

Қостанайда түнде +5...+7°C, күндіз +12...+14°C күтіледі. Жауын-шашын болуы мүмкін.

Көкшетауда ауа температурасы түнде +5...+7°C, күндіз +16...+18°C болады. Күннің екінші жартысында жаңбыр жаууы ықтимал.

Орталықта да жауын-шашын болады

Қарағандыда кей уақытта жаңбыр жауады. Түнде +5...+7°C, күндіз +17...+19°C.

Ұлытау облысында да жауын-шашын күтіледі. Кей аудандарда желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Күндіз +15...+20°C шамасында болады.

Шығыста күн жылырақ

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күндіз +15...+20°C шамасында болады. Кей аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Семей мен Өскемен маңында түнгі температура төмендеп, жел күшеюі ықтимал.

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаңбыр

Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының бірқатар ауданында жаңбыр күтіледі. Кей жерде найзағай ойнап, жел күшейеді.

Талдықорғанда түнде +10...+12°C, күндіз +18...+20°C болады.

Ал Шымкент, Түркістан және Қызылорда өңірлерінде күн жылырақ сақталып, ауа температурасы +20...+25°C шамасында болады.

Батыста ауа температурасы күрт төмендейді

Елдің батысында ең айқын салқындау байқалады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында суық ауа массалары әсер етеді.

Ақтөбеде жауын-шашын күтілмейді. Түнде +5...+7°C, күндіз +13...+15°C болады.

Жалпы батыс өңірлерінде кей жерде түнгі температура -6°C-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы