Төрехан Сабырхан Қазақстанға Азия ойындарының оныншы алтынын әкелді

Бүгін, 10:26 / Ахмет Қанатұлы
Төрехан Сабырхан. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Жапонияда өтіп жатқан Айти–Нагоя Азия ойындарында чемпион атанды, деп хабарлайды Arasha.kz.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында 20 жастағы қазақстандық боксшы Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездесті.

Үш раундқа созылған жекпе-жекте Төрехан Сабырхан төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша қазақстандық боксшы Азия ойындарының алтын медалін иеленді. Ал Зеяд Ишаиш күміс жүлдеге қол жеткізді.

Бұл Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы оныншы алтын медалі болды. Қазіргі таңда ел қоржынында 10 алтын, 19 күміс және 37 қола жүлде бар.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан – World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы.

Ал оның финалдағы қарсыласы Зеяд Ишаиш сол әлем чемпионатында қола жүлде иеленген. Бұған дейін ол 2022 жылғы Азия чемпионатында күміс, 2018 жылғы Азия ойындарында қола медаль алған.

Тэгтер:

бокс Төрехан Сабырхан азия ойындары