Flydubai рейсіндегі төтенше жағдай: Жараланған ұшқыштың жағдайы белгілі болды

Бүгін, 13:55 / Ахмет Қанатұлы
Flydubai әуекомпаниясының ұшағы. Көрнекі фото: Jakub Porzycki/NurPhoto via Getty Images

Flydubai әуекомпаниясының Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған рейсінде жараланған үндістандық ұшқыш Смит Маччхардың денсаулық жағдайы туралы жаңа ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

ТАСС басылымының мәліметінше, капитанның жағдайы тұрақты, ол медициналық көмек алып жатыр және сауығу процесі жалғасуда.

Смит Маччхар аталған рейстің әуе кемесі командирі болған. 30 қыркүйекте ұшу кезінде екінші ұшқыш оған пышақпен шабуыл жасаған. Жараланған капитан соған қарамастан кабина есігін ашып үлгерген. Осыдан кейін жолаушылар мен экипаж мүшелері күдіктіні тоқтатуға көмектескен.

Оқиға кезінде ұшақ қысқа уақыт ішінде шамамен 14 мың фут биіктікті жоғалтқан. Кейін борттағы қосалқы ұшқыштар әуе кемесін Сауд Арабиясының Табук қаласына қауіпсіз қондырған. Ұшақта 174 адам болған.

Алғашында Маччхар Табуктағы ауруханаға жеткізілген. Кейін ол ем алу үшін Абу-Дабиге ауыстырылды. Reuters мәліметінше, ұшқыш ауруханада жатып Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен де бейнебайланыс арқылы сөйлескен.

Оқиғаның нақты себептері мен екінші ұшқыштың әрекетіне қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Дубай Ұшақ Flydubai