2 қазанда «AI & Digital Bridge 2026» форумында әлемдік технологиялық индустрияның әртүрлі сала өкілдері бас қосып, үйреншікті GenAI шеңберінен асып, жасанды интеллекттің болашақ даму бағытын талқылайды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жасанды интеллекттің мәтін жазып, сурет жасап, деректерді өңдеп, код жазуға көмектесетініне бәріміз үйреніп кеттік. Ал бұдан кейінгі қадам не болмақ? Келесі белесте жасанды интеллект монитормен ғана шектеліп қалмайды. Роботтар, автономды жүйелер, смарт өндіріс және шынайы әлемді түсініп, онымен тікелей әрекеттесе алатын машиналар — міне, жаңа технологиялық дәуір осы бағыттан бастау алады.
Алдағы 5–10 жылда жасанды интеллекттің даму жолын қандай технологиялар айқындайды?
AI MONTH басты халықаралық шарасының маңызды талқылауларының бірі — «THE NEXT AI FRONTIER» панельдік сессиясы осы маңызды тақырыпқа арналады.
AI-дің келесі кезеңін кімдер талқылайды?
Бұл сессияның басты құндылығы — технологиялардың болашағын әртүрлі қырынан қарастыру. Ортақ алаңда іргелі зерттеулер, білім беру, венчурлық инвестиция, өндіріске енгізу және технологияларды реттеу саласында еңбек етіп жүрген жетекші сарапшылар бас қосады.
Николя Садирак (Nicolas Sadirac) — 01Talent компаниясының педагогика жөніндегі директоры (Chief Pedagogy Officer), әлемге танымал француз инноваторы және аты аңызға айналған бағдарламалау мектептерінің (соның ішінде Ecole 42) негізін қалаушы.
Технологиялық саладағы кез келген жаңа белес мүлде жаңа формациядағы инженерлерді талап етеді. Садирак — дәстүрлі дәрістер мен оқытушысыз, өзара тәжірибе алмасу арқылы білім беру (peer-to-peer learning) тәсілінің негізін қалаушылардың бірі. Сессия барысында ол жаңа буын робототехникасы мен автономды жүйелерге маман даярлаудың тың жолдары туралы ой бөліседі.
Александр Ханин — Polynome Group компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры (Founder and CEO), VisionLabs компаниясының тең құрылтайшысы. Компьютерлік көру және машиналық оқыту саласының сарапшысы ғылыми зерттеулерге сүйенген тану алгоритмдерін табысты халықаралық бизнеске айналдыра білді. Ол өндіріс орындары мен қалалық экожүйелерде бағдарламалық алгоритмдерді нақты физикалық құрылғылармен («темірмен») қалай ұштастыру керектігін жеттік біледі.
Меруан Дебба (Mérouane Debbah) — Халифа ғылым және технология университетінің (БАӘ) профессоры, телекоммуникация және AI саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшы.
Физикалық жүйелерді оқыту және роботтарды нақты уақыт режимінде басқару байланыстағы аса төмен кідірісті және қуатты есептеу желілерін (5G/6G, Edge Computing) талап етеді. Профессор Дебба болашақ байланыс жүйелері мен инфрақұрылымының іргелі ғылыми негізін қалыптастыруға жетекшілік етеді.
Модератор:
Хусейн Атакан Варол (Huseyin Atakan Varol) — Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің (SCAI) деканы, робототехника профессоры. Профессор Варол — робототехника, биомеханика және автономды жүйелер саласындағы аймақтағы жетекші ғалымдардың бірі.
Бұл сессия кімдерге қызықты әрі пайдалы болады?
«THE NEXT AI FRONTIER» сессиясы бизнес көшбасшылары мен инвесторлардан бастап инженерлер мен мемлекеттік сектор өкілдеріне дейінгі кең аудиторияға арналған.
Бұл шара — сырттай бақылаушы болып қана қалғысы келмейтін әрбір адам үшін аса маңызды. Бұл болашақты кешенді түрде бағамдаудың, жаңа технологиялық нарықтардың қай бағытта қалыптасып жатқанын білудің, ертеңгі күні қандай дағдылар қажет болатынын түсінудің және күнделікті өміріміздегі өзгерістерге бүгіннен бастап дайын болудың бірегей мүмкіндігі.
Форум туралы
AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі.
1 қазанда мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық делегациялар мен технологиялық индустрия өкілдерінің қатысуымен арнайы бағдарлама өтеді. Бұл күнге тек арнайы шақырумен қатысуға болады. Ал 2–3 қазанда билет алған қонақтарға арналған ашық бағдарлама өтеді.
Форумның хедлайнерлері — Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI компаниясының тең құрылтайшысы әрі техникалық директоры Ерзат Дулат және Crimson Education тең құрылтайшысы әрі бас директоры (CEO) Джейми Битон.
AI & Digital Bridge 2026 форумы серіктестер мен демеушілердің қолдауы арқасында ұйымдастырылып отыр. Шараны өткізуге кеткен барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылады.
Алтын серіктестер: Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес: Halyk Bank. Бизнес-серіктес: Beeline Қазақстан. Қола серіктес: Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес: «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер: «Транстелеком» АҚ. Ресми әуе серіктесі: Air Astana.