Жамбыл облысында жүк пойызы теміржолға шығып кеткен 70 қойды қағып кетті. Оқиға 2 қазан күні таңертең Жұма-Тамды аралығындағы теміржол учаскесінде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Cағат 07:20 шамасында машинист рельс үстінде жүрген малды байқап, шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан.
Соның салдарынан пойыз қозғалысы 48 минутқа кешіккен.
Кейін көлік полициясы қойлардың Тараз қаласының 66 жастағы тұрғынына тиесілі екенін анықтаған. Мал иесіне теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін заң аясында шара қолданылған.
Көлік полициясының дерегінше, жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежеуіне себеп болған 1166 жағдай тіркелген. Оның 881-і теміржол маңында үй жануарларының жүруімен байланысты.
ҚТЖ мал иелеріне теміржол аумағында жануарларды қараусыз қалдырмауды ескертті. Компания мұндай жағдайлар пойыз қозғалысына қауіп төндіріп, материалдық шығынға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер келтіруі мүмкін екенін атап өтті.