24 жастағы спортшы қайтыс болғаннан кейін төрт адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті

Бүгін, 14:49 / Ахмет Қанатұлы
Фото: mothershipsg

Сингапурда муай-тайдан танылған 24 жастағы спортшы Дамиан Онг қайтыс болғаннан кейін оның ағзалары төрт науқасқа трансплантацияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Онг 12 қыркүйекте қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылған жекпе-жек кезінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Төреші кездесуді дереу тоқтатып, спортшы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Дамиан Онг 27 қыркүйекте көз жұмды.

Спортшы көзі тірісінде қайтыс болған жағдайда ағзаларын донорлыққа беруге келісім білдірген.

Оның жүрегі ауыр дертке шалдыққан науқасқа салынды. Ал бауыры екі жылдан астам уақыт бойы донор күтіп жүрген егде жастағы әйелге трансплантацияланды.

Онгтың екі бүйрегі де мұқтаж жандарға берілді. Олардың бірі – сегіз жыл бойы диализ қабылдаған 40 жастағы ер адам болса, екіншісі – тоғыз жылдан бері диализге тәуелді болған 38 жастағы әйел.

"Онг бұл адамдардың өмірін өзгертті. Оларды ауыр диализ процедурасынан арылтып, жақындарымен бірге өмір сүруге жаңа мүмкіндік сыйлады", – деді трансплантологтар.

Дамиан Онг Сингапурдың муай-тай қауымдастығында болашағынан үлкен үміт күттірген спортшылардың бірі болған.

Ол жарақат алған күні AMC 13 – Fight for Hope қайырымдылық турниріне қатысқан. Жарыстан түскен қаражат сүт безі қатерлі ісігімен күреске бағытталған.

Тэгтер:

Сингапур