Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасарын тағайындады

Бүгін, 10:38 / Ахмет Қанатұлы
Айтқұрман Омарбеков. Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақорданың хабарлауынша, жаңа қызметке тағайындалуына байланысты ол бұрын атқарған лауазымынан босатылды.

"Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", – делінген ақпаратта.

Айтқұрман Омарбеков кім?

Айтқұрман Омарбеков 1977 жылы қазіргі Абай облысында дүниеге келген. Ол Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әскери университетін және Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдаған.

1997-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Республикалық ұланында қызмет атқарған. 2014 жылдан бастап Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда еңбек еткен.

2022 жылғы қаңтарда Президент өкімімен Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сол жылдың ақпанында осы қызметке ресми тағайындалды.

2022 жылғы 22 қазанда Мемлекет басшысының жарлығымен Айтқұрман Омарбековке Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнайы атағы берілді.

Ол II дәрежелі «Айбын» орденімен және бірқатар ведомстволық медальмен марапатталған.

Тэгтер:

Айтқұрман Омарбеков