Экс-министр Азамат Есқараев Президент Әкімшілігіне басшылық қызметке келді

5 қазан, 2026 / Ахмет Қанатұлы
Азамат Есқараев. Фото: ҚР СІМ

Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысының жарлығымен ол Қазақстанның Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ Бангладеш, Бутан, Мальдив Республикасы және Непалдағы елші қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Бангладеш Халық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы, Непалдағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.

Азамат Есқараев кім?

Азамат Есқараев 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы Әділет министрлігінің Заңнама департаментінде жетекші маман болып бастаған. Кейін осы ведомствода түрлі қызмет атқарып, Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментін және Заңнама департаментін басқарған.

2005-2006 жылдары Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, ал 2006-2007 жылдары «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ Заң қызметі департаментінің бас менеджері болған.

2014-2023 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2023-2025 жылдары Қазақстанның Әділет министрі болды.

2025 жылғы сәуірден бастап Қазақстанның Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. 2025 жылғы мамырда Үндістан президенті Драупади Мурмуға сенім грамоталарын табыс еткен.

Жаңа тағайындауға дейін дипломатиялық қызметін жалғастырып, Қазақстанның Үндістанмен және бірқатар Оңтүстік Азия елдерімен байланысын дамытуға қатысқан.

Тэгтер:

Азамат Есқараев