Бишімбаевтың анасы мен бұрынғы жұбайының дауына қатысты сот шешімі шықты

Бүгін, 11:47 / Ахмет Қанатұлы
Фото: t.me/Jogargy_sot

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сотталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қатысты талап-арызы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Дау сенімгерлік басқаруға берілген коммерциялық нысан мен оны жалға беруден түскен қаражатқа қатысты болған.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы қарашада Альмира Нұрлыбекова өзіне тиесілі нысанды Назым Қаһарманға 2029 жылғы 31 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға берген.

Кейін талапкер жалға беруден түскен кіріс толық аударылмағанын және қаржы бойынша тиісті есеп ұсынылмағанын мәлімдеген.

Сотта Альмира Нұрлыбекова NazKa жеке кәсіпкерлігінен 14 миллион теңгеден астам қаражат өндіруді, сондай-ақ мемлекеттік баж бен өкіл қызметіне кеткен шығындарды өтеуді сұраған.

Назым Қаһарман талаппен келіспей, көрсетілген соманың көлемі мен негізі жеткілікті дәлелденбегенін айтқан.

Сот тараптар ұсынған банк көшірмелерін, жалға алушылардан түскен төлемдер туралы мәліметтерді және басқа да қаржылық құжаттарды зерттеп, талапты ішінара қанағаттандырды.

"NazKa" ЖК-ден 6 665 391 теңге, мемлекеттік баж ретінде 66 654 теңге және өкілдің қызметіне ақы төлеу шығындары ретінде 666 539 теңге өндірілсін", – делінген сот шешімінде.

Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылмаған. Сот тек құжатпен расталған, жауапкерге нақты түскен және кейін қайтарылмаған немесе шартта көзделген шығындарға жұмсалмаған қаражатты есепке алған.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіре алады.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы мамырда Салтанат Нүкенованы азаптау және аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылған.

Тэгтер:

Қуандық Бишімбаев