"Екі ұлымыздан айырылғанбыз": Данияр Хайрушевтің ата-анасы Тоқаевқа үндеу жасады

Бүгін, 14:35 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: kznews.kz

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің ата-анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Олар Мемлекет басшысынан істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, тергеудің объективті жүргізілуіне назар аударуды сұрады.

Үндеуде Хайрушевтің ата-анасы Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің жақындарына көңіл айтып, өздерінің де бұған дейін екі ұлынан айырылғанын жеткізді.

"Ең алдымен, оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын терең түсінеміз, өйткені өзіміз де осындай қасіретті бастан өткеріп, екі ұлымыздан айырылғанбыз", – деді Данияр Хайрушевтің әкесі.

Оның сөзінше, ұлы Данияр Хайрушев өмір бойы тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қойған.

"Бүгін ұлымыз Данияр туралы бірнеше ауыз сөз айтқымыз келеді. Ол адал, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып өсті. Ешқашан өзгелердің есебінен жеке пайда іздеген емес, біреудің дүниесіне көз тіккен жоқ. Ұлымыз мұндай жағдайға қасақана жол беруі мүмкін дегенге сенбейміз", – деді әкесі.

Данияр Хайрушевтің анасы да Президентке үндеу жасап, асығыс қорытынды жасалмай, оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталатынына үміт білдірді.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз Сізге ата-ана ретінде жүгініп, тек әділдік пен объективті тергеуді сұраймыз. Оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталып, асығыс қорытынды жасалмайды деп үміттенеміз. Біз қаза тапқандардың отбасыларының қайғысына ортақпыз және оқиғаға қатысы бар барлық адамға қатысты әділ шешім болғанын қалаймыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің жаны жәннатта болсын", – деді ол.

Данияр Хайрушев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталғандардың қатарында. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Данияр Хайрушев