Қазақ-оман бизнес форумы: Қазақстан мен Оман қандай жобаларға басымдық берді?

Бүгін, 19:52 / Альфия Адамбек

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы байланыстарды жаңа мазмұнмен толықтырған маңызды оқиға болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, саяси диалогты экономикалық және инвестициялық серіктестікпен сабақтастыруға басымдық берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сапар қорытындысында тараптар инвестицияларды көтеру және қорғау, әуе қатынасы, қаржы саласы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да бағыттар бойынша бірқатар құжатқа қол қойды. Сонымен қатар Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру туралы келісім жасалып, «Самұрық-Қазына» мен Oman Investment Authority арасында бірлескен инвестициялық қор құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қорды 2026 жылдың соңына дейін АХҚО алаңында тараптардың тең қатысуымен, жалпы капиталы 150 миллион доллар көлемінде құру жоспарланып отыр.

Саясаттанушы Ардақ Монтаевтың пікірінше, Мемлекет басшысының Оманмен қарым-қатынасты нақты жобалармен толықтыруға бағытталған бастамалары Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сарапшы қазақ-оман ынтымақтастығының энергетика, көлік-логистика, инвестиция және жаңа технологиялар сияқты перспективалы бағыттарда кеңеюі алдағы уақытта екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті ұзақ мерзімді әрі орнықты деңгейге шығаруға негіз болатынын атап өтті.

— Қазақстан мен Оман басшыларының келіссөздері барысында экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл келісімдердің Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатындағы маңызын қалай бағалайсыз?

— Меніңше, бұл келісімдердің негізгі ерекшелігі – Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынастың саяси диалог деңгейінен нақты экономикалық серіктестік деңгейіне біртіндеп ауысып отырғанында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оман Сұлтанымен келіссөздерінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау және инвестиция секілді нақты бағыттардың белгіленуі осыны көрсетеді. Бұған дейін қалыптасқан жобалық портфельдің көлемі шамамен 3 миллиард долларға жетіп, оның ішінде энергетика мен теміржол саласындағы жобалар іске асырылған. 

Оман Сұлтаны елімізге алғаш рет келіп отыр. Бұл жерде Президенттің сыртқы экономикалық саясаттағы тәсілін де атап өткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дәстүрлі серіктестермен байланысын сақтай отырып, Парсы шығанағы елдерімен экономикалық қатынастарды жүйелі түрде кеңейтуге басымдық беріп келеді. Оманмен бүгінгі уағдаластықтар осы саясаттың нақты жалғасы ретінде көрінеді. Қол қойылған құжаттардың әрқайсысы кейін нақты инвестициялық жобаларға айналуы үшін институционалдық негіз қалыптасып отыр. Сондықтан алдағы кезеңде қазақ-оман байланыстары Қазақстанның Таяу Шығыс бағытындағы экономикалық дипломатиясының маңызды құрамдас бөлігіне айнала алады деп ойлаймын. 

— Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-оман бизнес форумында саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты экономикалық жобаларға ұластыру қажеттігін атап өтті. Президенттің осы ұстанымы Қазақстанның инвестициялық саясатының нәтижелілігін арттыруға қалай ықпал етеді?

— Бұл өте маңызды мәселе. Кез келген мемлекетаралық келісімнің шынайы нәтижесі оның қанша құжатпен бекітілгенімен емес, нақты экономикада қандай жобаларға жол ашқанымен өлшенеді. Президенттің бизнес форумындағы сөзі дәл осы практикалық ұстанымға негізделді: келісімшарт-құқықтық базаны күшейту, инвесторларға түсінікті жағдай қалыптастыру, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланысты арттыру және қаржылық тетіктерді іске қосу. 

Меніңше, Мемлекет басшысының бұл тәсілінің маңызды қыры – мемлекет пен бизнестің міндеттерін бір-бірінен бөле қарамай, өзара толықтыратын жүйе ретінде қалыптастыруы. Мемлекет тұрақты әрі болжамды жағдай жасайды, ал бизнес нақты жобаларды іске асырады. Бүгінде Қазақстан мен Оман бірлескен инвестициялық құрылым құруға келісті. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін АХҚО алаңында капиталы 150 миллион доллар болатын бірлескен қор құру көзделіп отыр. 

Бұл ұзақ мерзімді нәтиже үшін жақсы негіз. Себебі біз енді тек инвестиция тарту туралы емес, екі ел капиталының бірлесіп жаңа жобаларға бағытталуы туралы айтып отырмыз. Мұндай механизмдер көбейген сайын Қазақстанның инвестициялық әлеуеті де кеңейе түседі.

— «Самұрық-Қазына» мен Oman Investment Authority арасындағы бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы келісім екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға қандай жаңа мүмкіндік береді? Бұл бастама Қазақстанға ірі инвестициялық жобаларды тартуда қаншалықты маңызды?

— Бұл келісімді мен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа институционалдық кезеңі деп бағалар едім. Себебі мұнда әңгіме бір реттік инвестиция туралы емес, ұзақ мерзімге жұмыс істейтін қаржылық механизм құру туралы болып отыр. Қазақстанның «Самұрық-Қазынасы» мен Оманның ұлттық инвестициялық қорының ресурстары бір құрылым аясында тоғысады. Жоспарланған қордың капиталы 150 миллион долларды құрап, инвестициялар негізінен Қазақстан мен Оманның бірлескен жобаларына бағытталмақ. 

Мұның тағы бір артықшылығы – жобаларды таңдауда екі тараптың сараптамасы мен инвестициялық тәжірибесі бірігеді. Бұған дейін тараптар өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, логистика, тау-кен салалары сияқты бағыттарды перспективалы деп белгілеген болатын.  Сондықтан бұл қорды тек капитал көзі ретінде емес, жаңа жобаларды іздейтін және оларды ірілендіруге мүмкіндік беретін платформа ретінде қарастырған дұрыс.

Мемлекет басшысының бұл бастамаға ерекше мән беруі де кездейсоқ емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға капитал тартумен қатар, инвестицияны нақты өндіріс пен инфрақұрылымға бағыттайтын механизмдерді қалыптастыруға назар аударып отыр. Егер осы қор арқылы алғашқы жобалар сәтті іске асса, бұл басқа да халықаралық инвестициялық институттар үшін Қазақстан нарығының тартымдылығын арттыратын фактор болуы мүмкін. Сондықтан оның әлеуеті бүгінгі қаржы көлемінен әлдеқайда кең.

— Мемлекет басшысы Оманның стратегиялық орналасуы мен порттық инфрақұрылымын Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетімен ұштастыруға ерекше мән берді. Бұл бағыт Қазақстанның Азия, Таяу Шығыс және Африка нарықтарына шығу мүмкіндіктерін кеңейте ала ма?

— Әрине, бұл бағыттың стратегиялық мәні жоғары. Қазақстан мен Оманның географиялық ерекшеліктері бір-бірін толықтырады. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық көлік дәліздерінде орналасса, Оман теңіз жолдары арқылы Шығанақ, Үнді мұхиты және Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан екі елдің логистикалық мүмкіндіктерін байланыстыру жаңа сауда маршруттарын дамытуға негіз бола алады. Оман Сұлтанының өзі де келіссөздер кезінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесіп дамытуға қызығушылық білдірді. 

Мұнда Мемлекет басшысының Қазақстанды тек шикізат экспорттаушы ел ретінде емес, Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік және өндірістік буын ретінде дамытуға бағытталған саясаты айқын көрінеді. Орта дәліздің әлеуетін арттыру, жаңа нарықтарға шығу және логистикалық бағыттарды әртараптандыру Қазақстан үшін ұзақ мерзімді экономикалық міндеттердің бірі.

Оман бағыты осы саясатқа қосымша мүмкіндік береді. Егер көлік дәліздері, порттық инфрақұрылым және сауда байланыстары жүйелі түрде үйлестірілсе, қазақстандық өнімнің Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығуы жеңілдейді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және логистика сияқты салалардың дамуына серпін беруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде әңгіме тек Қазақстан мен Оман арасындағы тасымал туралы емес, Қазақстанның жаһандық сауда картасындағы рөлін кеңейту туралы болып отыр.

— Президент Қазақстан мен Оман кәсіпкерлерін Іскерлік кеңес мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды. Сіздің ойыңызша, Мемлекет басшысының бизнеске нақты жобалар мен тікелей серіктестік орнатуға басымдық беруі екіжақты экономикалық қатынастардың ұзақ мерзімді дамуына қандай негіз қалыптастырады?

— Іскерлік кеңестің құрылуы өте орынды қадам деп санаймын. Мемлекетаралық қатынастардың тұрақты болуы маңызды, бірақ ұзақ мерзімді экономикалық серіктестік үшін мемлекеттер арасындағы байланыспен қатар, бизнес қауымдастықтардың тұрақты қарым-қатынасы да қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі кәсіпкерлерге нақты жобаларды талқылауға, серіктес табуға және инвестициялық бастамаларды алға жылжытуға мүмкіндік беретін тұрақты алаңға айнала алады. 

Президенттің кәсіпкерлерге үндеуі де осы тұрғыдан маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси деңгейде жасалған уағдаластықтардың экономикалық мазмұнын күшейтуге, яғни оларды нақты жобалармен толықтыруға басымдық беріп отыр. Бұл – мемлекеттің бизнеске тек қолдау көрсетіп қана қоймай, халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасауға бағытталған тәсіл.

Меніңше, бүгін қалыптасып отырған жағдайға оптимистік тұрғыдан қарауға негіз бар. Екі елдің инвестициялық қорларының өзара ықпалдасуы, Іскерлік кеңестің құрылуы, АХҚО мүмкіндіктерін пайдалану және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, тау-кен, цифрлық технологиялар сияқты бірнеше саланың қатар қамтылуы қазақ-оман экономикалық байланыстарының бір ғана бағытқа тәуелді болмайтынын көрсетеді. 

Сондықтан алдағы жылдары бүгінгі саяси уағдаластықтардың нақты кәсіпорындарға, жаңа жұмыс орындарына, инвестициялық жобаларға және экспорттық мүмкіндіктерге ұласуын күтуге негіз бар. Президент белгілеп отырған негізгі міндет те осы – саяси сенімді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

Тэгтер:

президент мемлекет бизнес Оман