Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман Талғатқызы өнер иесінің туған жері Оралда лайықты құрмет көрмегеніне қынжылатынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның сөзінше, Тұрсынбек Қабатовтың сахнада жүргеніне 26 жыл болған. Осы уақыт ішінде еліміздің әр өңіріндегі көрермендер әзілкешке ықыласын білдіріп, ат мінгізіп, шапан жапқан кездер де болған.
Алайда Айман Талғатқызы Қабатовтың туған жері Оралда мұндай құрметтің болмағанын атап өтті. Айтуынша, қалада өнер иесінің шығармашылық жолына арналған концерт ұйымдастырылғанымен, оған арнайы құттықтау қағазы да табысталмаған.
Айман бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікіріне де жауап берді. Оқырмандардың бірі мұны әзілкештің ажырасуымен байланыстырып, “ажырасқаннан кейін туған жері ұнатпай қалған шығар” деген болжам айтқан.
“Айтпақшы, құрметтесе, ажыраспай тұрып-ақ көрсетпей ме сол құрметтерін?” – деп жауап берді Айман Талғатқызы.
Осылайша ол мәселені Қабатовтың жеке өміріндегі өзгерістермен байланыстыру дұрыс емес екенін аңғартты.