Тоқаев FIDE президенті Тимур Турловты қабылдады

Бүгін, 14:27 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кездесу барысында Президент Турловты FIDE басшысы болып сайлануымен құттықтап, бұл жетістік Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің халықаралық деңгейдегі беделінің артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.

Тимур Турлов 2026 жылғы 26 қыркүйекте Самарқандта өткен FIDE Бас ассамблеясындағы сайлауда ұйым президенті болып сайланды. Екінші турда ол 110 дауыс жинап, FIDE тарихындағы сегізінші президент атанды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін шахматтың орны ерекше екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл спорт түрі тек жарыс құралы ғана емес, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ететін маңызды бағыт.

Қазір Қазақстанда шахматпен 278 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады. Президент сондай-ақ Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлде иеленген Қазақстан әйелдер құрамасының жетістігін атап өтті.

"Бұдан бөлек, Президент Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған басым міндеттерді атады. Мемлекет басшысы құрама команданың әзірлігін күшейту, жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты ілгерілету және өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне назар аударды", – делінген Ақорда хабарламасында.

Кездесуде қазақстандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру және елімізде ірі халықаралық шахмат жарыстарын өткізу мәселелері де талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан шахмат федерациясы мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Тимур Турлов Қазақстанда шахматты дамытуға көрсетіліп отырған қолдау үшін Президентке алғыс білдірді. Сондай-ақ ол шахматты әлемде кеңінен насихаттау, ұлттық федерациялар арасындағы байланысты күшейту және жаңа халықаралық жобаларды іске асыру жоспарлары туралы айтты.

Айта кетейік, FIDE-нің 2026-2030 жылдарға арналған жаңа басшылық құрамында Тимур Турлов президент, ал үндістандық гроссмейстер Вишванатан Ананд президенттің орынбасары қызметін атқарады.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турлов