27 қыркүйектен бері хабар жоқ: Маңғыстауда 50 жастағы ер адам іздестіріліп жатыр

Бүгін, 15:29 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында 50 жастағы Сәрсенбай Өмірбаевты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ер адам 27 қыркүйекте жоғалып кеткеннен бері жақындарымен байланысқа шықпаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Lada.kz мәліметінше, Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының тұрғыны сол күні таңғы сағат 07:30 шамасында "Шопан-Ата" аумағындағы "Шанқұм-Бекі" шаруа қожалығынан белгісіз бағытқа шығып кеткен.

Содан бері оның қайда екені белгісіз.

Сәрсенбай Өмірбаевтың бойы шамамен 165-170 сантиметр, дене бітімі орташа. Көзі қара, шашы қысқа әрі ағарған.

Жоғалған күні үстінде қара күртеше, қара шалбар және қара аяқ киім болған. Өзімен бірге ұялы телефоны болған.

Маңғыстау облысының полиция департаменті ер адамның жүрген жерін анықтау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, жоғалған адамның жүруі мүмкін бағыттарды тексеріп жатыр. Іздестіруге полицияның жеке құрамы жұмылдырылған.

Сәрсенбай Өмірбаевты көрген немесе оның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан полицияға хабарласу сұралады.

Тэгтер:

Маңғыстау облысы