Өзара құрмет пен бірліктің конституциялық құндылықтары Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясымен үндеседі – Ерлан Қарин

Бүгін, 17:35 / Ахмет Қанатұлы

Астанада Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті.

Оның жұмысына 20 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың 30-дан астам беделді өкілі қатысты.

Ерлан Қарин бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім, адамды құрметтеу сияқты конституциялық құндылықтар Қазақстанның даму бағдарын айқындайтын маңызды қағидаттар екенін, мұның Съезд миссиясымен үндесетінін атап өтті. Осы ұстанымдарға арқа сүйей отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз теңгерімді және бейбіт сипатта дәйекті сыртқы саясат жүргізіп келеді.

Съезд осы жылдар ішінде дінаралық диалогтың бірегей алаңы ретінде қалыптасты. Оның әріптестік желісі кеңейіп, діни бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығы нығая түсті.

– Осыған дейін қалыптасқан құндылықтар іргетасы Съездің практикалық мазмұнын кеңейтуге мүмкіндік береді. Яғни құжаттарды бірлесіп әзірлеуге, әріптестікті нығайтуға және нақты жобаларды іске асыруға жол ашады, – деді Вице-Президент.

Бұл – қарулы қақтығыстар, гуманитарлық дағдарыстар, радикалды идеялар мен өшпенділік белгілері белең алып, климаттық және технологиялық сын-қатерлер күшейе түскен қазіргі кезеңде айрықша өзекті міндет. Мұндай жағдайда рухани дипломатия саяси келіссөздерді толықтырып, өзара байланыс арналарын сақтауға және сенімді қалпына келтіруге ықпал етеді.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Съезд аясында діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруге бағытталған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі бастамасына арнайы тоқталды.

Отырыс соңында 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын дамыту мақсатында әзірленген екі халықаралық құжат қабылданды. Олар – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі».

Бірінші құжат экологиялық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған және қоршаған ортаға қамқорлық пен азаматтық жауапкершілікті ұштастыратын Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасының философиясымен үндеседі.

Этикалық кодекс Президенттің жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі Дінаралық комиссия құруды және алгоритмдерге арналған әмбебап «өсиеттерді» әзірлеуді көздейтін бастамасын одан әрі ілгерілетеді. Құжат технологияларды жауапкершілікпен қолдануға шақырады әрі діни мәтіндерді бұрмалауға, цифрлық жалған контент әзірлеуге, кемсітушілікке және адамдардың сеніміне манипуляция жасауға тосқауыл қоюға арналған.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы – «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары хартиясы» таныстырылды. Құжатты әзірлеуге «Бамбино Джезу» ауруханасының сарапшылары атсалысты. Хатшылық Хартияға қатысты жұмысты одан әрі жалғастыруды қолдады.

«Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжатын іске асыру аясында Хатшылыққа серіктестермен бірлесіп, Жаһандық бейбітшілік қозғалысының тұжырымдамасы мен оны қалыптастыру және халықаралық деңгейде ілгерілетудің кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспарын әзірлеу тапсырылды.

– Съездің беделі қабылданған шешімдердің халықаралық бастамаларда көрініс тауып, қаншалықты тыңғылықты түрде жүзеге асырылатынына және бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қызмет ететініне байланысты болмақ, – деді Ерлан Қарин.

Отырыс аясында Ерлан Қарин бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Мұсылман ақсақалдары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделcаламмен кездесу барысында Вице-Президент Кеңес Съездің маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, форум қызметін қолдағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Кеңестің Адамзат бауырластығы туралы құжатты ілгерілетуге, климат және жасанды интеллект этикасы жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қосқан үлесі айтылды.

БАӘ Толеранттылық және бейбіт өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әл-Сабримен кездесуде өзара іс-қимыл әлеуеті талқыланды. Оның Съезд жұмысына сіңірген еңбегіне және толеранттылық пен бейбіт өмір сүру құндылықтарын ілгерілетудің маңызына баса назар аударылды.

Сонымен қатар Қытайдың буддистік және даостық ұйымдарының өкілдері Цю Шуанмен, Сунь Сяомен кездесу өтті. Кездесу барысында олардың Съезд жұмысына қатысуы және дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі талқыланды.