АҚШ президенті Дональд Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық екенін тағы да мәлімдеді. Оның сөзінше, марапатты алу өзі үшін басты мақсат емес, алайда халықаралық тұрақтылыққа қосқан үлесі жеткілікті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистердің Нобель сыйлығы туралы сұрағына жауап берген Трамп өзінің бірнеше қақтығысты тоқтатуға атсалысқанын айтты.
"Мен сегіз соғысты тоқтаттым. Барлық кепілдегі адамдарды қайтардым. Миллиондаған адамның өмірін сақтап қалдым. Сыйлықты аламын ба, жоқ па – оған қарамастан, мен әлдеқайда көп нәрсе жасадым", – деді Трамп.
АҚШ президенті бұған дейінгі Нобель сыйлығының иегері, Венесуэла оппозициясының өкілі Мария Корина Мачадоның өзіне қатысты айтқан сөздерін де еске салды.
Трамптың айтуынша, Мачадо "тарихта бұл марапатқа президент Трамптан артық лайық адам жоқ" деген пікір білдірген.
Сонымен қатар Дональд Трамп Нобель комитеті оған сыйлық бермесе, мұны комитет үшін "үлкен мүмкіндік жіберу" деп бағалайтынын айтты.
2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреатының есімі 9 қазанда жарияланады. Ал марапаттау рәсімі дәстүрлі түрде 10 желтоқсанда Ослода өтеді.