Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның Аваза ұлттық туристік аймағында өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы жиын өтетін "Аваза" кешеніне барды. Қазақстан Президентін Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.
Кездесуге Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Әзербайжан Президенті қатысып жатыр. Әзербайжан Президентінің ресми сайты да Ильхам Әлиевтің 8 қазанда Аваза кешеніне сегізінші Консультативтік кездесуге келгенін хабарлады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар бағдарламасына Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінен бөлек, Каспий экологиялық саммиті және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы енгізілген.
Қазақстан Президентінің Түрікменстандағы жұмыс сапары 8-9 қазан күндеріне жоспарланған.