Алматыда өртеген полицей ісіне қатысты тергеу аяқталды

Бүгін, 12:48 / Альфия Адамбек
Фото: әлеуметтік желі

Алматыда 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Іс материалдары сотқа жолдау мәселесін шешу үшін прокуратураға тапсырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Полицияның хабарлауынша, тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру дерегі бойынша жүргізілген. Алайда тергеу құпиясына байланысты Ішкі істер министрлігі оқиғаның өзге мән-жайларын жария етпеді.

Қайғылы оқиға 23 маусымда Алматы облысында болған. Көкпек – Көктал – Кеген тасжолының 52-шақырымында мал бағып жүрген тұрғын өртенген адамның мәйітін байқап, құқық қорғау органдарына хабарлаған. Кейін марқұмның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет атқарған Аслан Әлсеров екені белгілі болды. Оның оң қолынан арқанның қалдықтары табылған.

Тергеу болжамына сәйкес, ер адам Алматыдағы отбасылық пәтерінде өлтірілген. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйіт қала сыртындағы шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан таулы аймаққа жеткізіліп, өртелген.

Аталған іс бойынша марқұмның жұбайы мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінген. Белгілі болғандай, Әлсеровтің әйелі бұрын полиция қатарында қызмет атқарған. Ерлі-зайыпты 15 жыл отасып, жеті бала тәрбиелеген.

Бастапқыда қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген. Алайда тергеу барысында іс ауырлататын мән-жайларда жасалған адам өлтіру ретінде қайта сараланған.

Аталған баптың 2-бөлігі бойынша ересек адамға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты жаза тағайындаудың бөлек талаптары қолданылады.

Тэгтер:

алматы тергеу полицей марқұм